Елордалық Айбек Оралбай бокстан халықаралық турнирде топ жарып, бірінші орын иегері атанды.
91 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан спортшымыз финалда бразилиялық боксшы Джуниор Абнерді ұтып, жеңімпаз атанды.
Ал Айбектің інісі Нұрбек Оралбай (81 келі) аталған додада күміс жүлдеге қол жеткізді.
10-14 наурыз аралығында Германияның Келн қаласында өткен бокстан халықаралық турнирге 16 елден жүзге жуық былғары қолғап шеберлері жиналды.
Байрақты бәсекеде ел намысын сегіз спортшы қорғап, олардың алтауы жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Жалпы командалық есепте ел құрамасы бірінші орынға шықты.
Ағайынды Оралбайлардың бапкері Асқар Еркебаев жарыс жоғары деңгейде өтті-деп баға берді.
«Жарысқа барлық елден номері бірінші деген спортшылары қатысты. Менің шәкірттерім ағайынды Айбек, Нұрбек Оралбайлар жақсы өнер көрсетті. Нұрбекті қарсыласына есе жіберді деп санамаймын. Балаларыма ризамын. Қазақ боксының деңгейін көрсеттік деген ойдамын. Бір алтын бір күміс жүлдені елордамызға алып бара жатырмыз. Алдағы мақсатымыз - Әлем чемпионаты. Тәжірибемізді шыңдап, жоғары дәрежеде өнер көрсетеміз деген сенімдемін»- деді, Асқар Еркебаев өз сөзінде.
Естеріңізге сала кетейік елордалық жиырма жастағы егіз ағайынды боксшылардың үлкені Айбек жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының чемпионы болса, ал кішісі Нұрбек жастар арасында Әлем чемпионы атағын жеңіп алған болатын.
Спортшыларымызды және бапкерлер құрамын шын жүректен құттықтаймыз!
Олимпиадалық резерв дайындау орталығы