Мәнерлеп сырғанаудың отаны – Голландия болып саналады. Бұл жерде 13-14 ғасырларда алғашқы темір конькилер пайда болды. Жаңа конькилер түрінің пайда болуы мәнерлеп сырғанаудың дамуына айтарлықтай түрткі болды, сол кезеңдерде мәнерлеп сырғанау – әдемі дене пішінін сақтай отырып, мұзда күрделі фигурлалар салу болатын.

1722 жылы Англия елінде мәнерлеп сырғанаудың ережелері туралы ең алғашқы баспа пайда болды. 1882 жылы Венада Еуропадағы тұңғыш халықаралық жарыс өтті.

1896 жылы – Әлем чемпионаттары өте бастайды. Солардың ең алғашқылары Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өтті.

Осы спорт түрінің дамуына 1892 жылы негізі қаланған мәнерлеп сырғанаудың Халықаралық одағы – ISU басшылық етеді.

Қазіргі заманғы мәнерлеп сырғанаудың төрт өзіндік түрлері бар:

· жалғыз сырғанау (ерлер, әйелдер)

· жұптық сырғанау

· спорттық би

· үйлесімді сырғанау

1924 жылдан бастап конькимен мәнерлеп сырғанау қысқы Олимпиадалық ойындардың түріне енеді. Мұздағы спорттық би түрі 1976 жылы бағдарламаға енді.

Қазақстанда жасанды мұзда алғашқы сырғанау Алма-ата және Өскемен қалаларында 70-жылдың бірінші жартысында жүзеге асты. Кейін оларға Қарағанды, Теміртау және Ақтөбе қалалары қосылды. Сондай –ақ «Медеу» мұз айдыны пайда болды, алайда ол мәнерлеп сырғанауға келмеді.

Қазақстанда мәнерлеп сырғанау Алматы қаласында 1950 жылдардан бастап дами бастады, осы уақыт ішінде бірқатар жоғары халықаралық дәрежедегі спортшылар даярланды.

Қазақстандағы мәнерлеп сырғанаудың тағы бір қарқынды дамыған қаласы Қарағанды болатын. 1956 жылы Н.Н.Карасев қарағандылық мәнерлеп сырғанау мектебінің негізін қалады.

Целиноградта конькимен мәнерлеп сырғанау 1969 жылдың желтоқсанында дами бастайды. Мәнерлеп сырғанау бөлімі Жастар спорт мектебі базасында ашылды. Оқу-жаттығу сабақтары «Динамо» стадионында, ашық алаңда өтті.

Қазақстанда жас буын жанкүйерлері үшін мәнерлеп сырғанау Денис Теннен басталды. Денис Теннің Сочида өткен қысқы Олимпиада ойындарындағы қола жүлдесі – тәуелсіз Қазақстанымыздың мәнерлеп сырғанау тарихындағы алғашқы марапаты болды.

Қазіргі таңда мәнерлеп сырғанаудан халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан тұрақты негізде бір спортшы қатысып жүр. Ол 2016 жылғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиаданың қола жүлдегері, сондай-ақ 2019 жылғы Әлем Чемпионатының күміс жүлдегері - Элизабет Тұрсынбаева.

Олимпиадалық резерв дайындау орталығы

Яндекс.Метрика