Қадірлі қауым!

Баршаңызды Жастар жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл – мемлекет тарапынан өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған маңызды қадам.

Тәуелсіздік рухымен өсіп келе жатқан бүгінгі жас буын – біздің ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз.

Сондықтан менің Жарлығыммен 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланғанын білесіздер.

Біз бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздікке қол жеткізіп, Ұлы Дала төсінде әлем мойындаған мемлекет құрдық.

Есілдің жағасында еңселі елордамыз – Астананы тұрғызып, тарихта бұрын-соңды болмаған зор жетістікке қол жеткіздік.

Жүзеге асырылып жатқан шаралардың бәрі егемен еліміздің болашағы – сіздер үшін жасалып отыр.

 

Бүгінде әлемге әйгілі ірі компаниялардың негізін жас кәсіпкерлер қалағанын білесіздер.

Мысалы, «Фейсбукті» Марк Цукерберг 19 жасында, «Майкрософты» Билл Гейтс 20 жасында,  «Apple» компаниясын Стив Джобс 21 жасында құрған. 

Бұл компаниялар жүздеген мың адамды жұмыспен қамтып қана қоймай, бюджетке қыруар қаржы түсіріп отыр.

Олар өз бизнесін бастағанда ауқымды қаржы ресурстарына немесе үкімет қолдауына сүйенген жоқ.

Мемлекет қоғамда жасампаздық,  бастамашылық, шығармашылық, еңбекқорлық рухын қалыптастыруға баса мән берді.    

Халқымыздың «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген нақыл сөзі бекер айтылмаған.

Біздің жастарымыздың бойында мұндай қасиеттер бар.

Бизнеспен айналысамын деушілерге жол ашу аса маңызды.

Шағын несие берудің және оқыту ісінің оң тәжірибесі негізінде барлық өңірде «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу қажет.

Бұл жоба аясында жыл сайын білім алатын жұмыссыз жастар мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың санын

100 мыңға дейін жеткізген жөн.

Соңғы екі жылда «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Бастау» жобасы бойынша ауылдар мен шағын қалалардың 43 мың тұрғынын оқытып шығарды.

Нәтижесінде 11 мыңнан астам бизнес жобалар іске қосылып, 16 мыңға жуық жұмыс орны ашылды.

Осыған байланысты жоба аясында жұмыс істеп жатқан адамдардың

 95 проценті бюджетке салық төлеуде.

Сондай-ақ, Үкіметке «Бизнес-2020» жол картасы аясында жас кәсіпкерлер үшін грант бойынша бөлінетін қаржы көлемін екі есе арттыруды тапсырамын.  

Жалпы, үш жыл ішінде 300 мыңға жуық жастарымыз бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығады.

Кем дегенде 80 мың адам немесе олардың төрттен бірі өз кәсібін бастап, ел экономикасына елеулі үлес қосатын болады.

Осындай арнайы білім алған мамандар нарыққа дайын стартаптар мен өнімдер ұсынуға тиіс.

Бітіруші курстардағы 60 мыңға жуық студентті бизнеске баулу қажет.

Үкіметке бұл бағдарламаны жүзеге асыру үшін 2019-2021 жылдары 32,1 миллиард теңге бөлуді тапсырамын.  

Жастардың стартаптарына қолдау көрсететін қорлардың қызметін ынталандыру маңызды міндет саналады.  

Дамыған елдерде жастардың өз идеяларын жүзеге асыруға көмектесетін қорлар жұмыс істейді.

Олар орталық және жергілікті органдар, университеттер, сондай-ақ жеке құрылымдар тарапынан қаржыландырылады.

Поручаю Правительству создать Фонд поддержки молодежных стартапов.

Урбанизация процесінің қарқындылығына қарамастан, ауыл жастарының үлесі әлі де жоғары – 43 процент.

2018 жылдың 11 айы ішінде ауылдан қалаға көшкен жастардың саны 222 мыңнан асты.

Сондықтан Үкімет пен әкімдіктер олардың білім алу, жұмысқа орналасу, демалыс және басқа мәселелерін жүйелі шешуге күш жұмылдыруға тиіс.

«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымды дамытып, жергілікті жерлердің кадрлық әлеуетін күшейту керек.

Осыған орай, «Дипломмен ауылға» бағдарламасына енгізілетін мамандықтардың тізімін кеңейтуді ұсынамын.

Көшіп барғаны үшін төленетін жәрдемақы мөлшерін 70-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін арттырған жөн.

Сондай-ақ, жастарды ауыл шаруашылығымен айналысуға қызықтыра білу қажет.

Дамыған елдерде бұл бағыт жоғары өнімді әрі инновациялық салалардың бірі саналады.

Онда цифрлық технологиялар мен роботтандырылған кешендер белсенді қолданылады.

Қазіргі таңда өнерлі жастарды қолдау үшін белсенді жұмыс жүргізілуде.

Қоғамда түрлі бағыттар бойынша креативті азаматтардың тұтас шоғыры қалыптасты.

Бұл бастамалардың бәрі «Жастар – Ел тірегі» атты біртұтас жалпымемлекеттік жоба ретінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жастарды жұмысқа орналастыруға бағытталған қазіргі бағдарламаларымен біріктіріледі.       

Алдағы үш жыл ішінде осы жобаға бір миллионнан астам адамды тарту жоспарланып отыр.

 

 Бүгінде бүкіл еліміз бойынша жүргізіліп жатқан ауқымды құрылыс жұмыстарына жастарымыз белсенді атсалысуы керек.

Осы саладағы компаниялардың бәрі студенттік құрылыс отрядтары үшін арнайы квота бөлгені жөн. 

Осыған байланысты, рухани орталығымыз – Түркістан қаласын көркейту үшін зор мүмкіндіктер ашылып отыр.

Үкімет облыс әкімімен бірлесіп, бұл мәселені өз бақылауына алуға тиіс.

Сондай-ақ, былтыр өзім бастап берген «Жас сарбаз» қозғалысы негізінде әскери-патриоттық тәрбие беру ісін дамыту қажет.

Үкіметке 2025 жылға дейінгі әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеуді тапсырамын.

«Жас сарбаз» бастамасының үлгісімен еліміздегі волонтерлерді, әсіресе, әлеуметтік жобалар саласындағы еріктілерді біріктіру қажет.

Қазір дүниежүзінде жастар туризмін дамытудың өзектілігі артып келеді.

Бұл сала олардың өз еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады.

Әлемдік Ішкі жалпы өнімдегі туризмнің үлесі – 10 процент.

Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды.

Сондай-ақ, ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді.

Қазақстанда экологиялық, спорт-сауықтыру және экстремальды туризм орталықтары болуға лайықты жерлер көп.

Осы айтылған бағыттарды дамыту үшін тиісті инфрақұрылымды жетілдіріп, жастардың туристік клубтарын жаңғырту керек.  

Білім және ғылым министрлігіне жоғары оқу орындарында волонтерлердің арнайы курстарын ашу мүмкіндігін қарастыруды тапсырамын.

Жастардың бойында әлеуметтік жауапкершілік пен қоршаған ортаны аялау сезімін қалыптастыру негізгі міндет саналады.

Әсіресе, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдірудің, мейірімділік пен адамгершілік қасиеттерін дарытудың маңызы зор.

Кез-келген адам жасы ұлғайған шағында жастар тарапынан жанашырлық пен қамқорлық күтетінін ұмытпаған жөн.

Еліміздегі жарты миллионға жуық студент жастар Үкіметтік емес ұйымдармен бірге мұқтаж  жандарға елеулі көмек көрсете алады.

Барша жастарды өздерінің әлеуетін белсенді жүзеге асыруға, мүмкіндіктерін барынша пайдалануға, заманауи білім алып, күннен-күнге шыңдала түсуге шақырамын.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақала дәл осы мақсатқа бағытталған.

Я хочу, чтобы вы гордились своей страной, хорошо знали ее историю и уверенно смотрели вперед.

Қымбатты достар!

Бүгін біз жастарға кеңінен жол ашатын маңызды бастамалармен таныстық.

Қолға алған тың жобалардың бәрі табысты жүзеге асады деп ойлаймын.

Жастық шақтың күш-қайратын егемен елімізді өркендетуге жұмсай беріңіздер!

Сіздерге зор денсаулық, толағай табыс  пен бақ-береке тілеймін!

 

Олимпиадалық резерв дайындау орталығы

Яндекс.Метрика